Арманға, қайран кеудем, жеттім деме, Жүрегім, аласұрып кеттің неге? Жаралан, жаралансаң, мен қайтейін: Тоқтасаң тоқта, және, - Тек кірлеме! Жыртылсаң табар едім саған жамау, Міндетім, жүрек, сені харамдамау. Бел буып кіріссем де бермей жүр-ау, Майданы тіршіліктің маған жалау. Мына өмір ғажап өмір түсінгенге, Ғанибет оны жырмен мүсіндеу де. Дариға-ай, шама шіркін жетер ме екен, Жүрекке шаң мен тозаң түсірмеуге. Жимайын көкірегіме мен неге мұң, Тірі өлген талайларды көрген едім... Анадан туған жүрек - аппақ жүрек, Білмеймін, қандай күйде жерге енерін. Жүрегім жоқ жел сөз айтып желпінгелі, Кірлетпеу жүрегімді сертім менің. Беу, дүние, бір-ақ рет ғұмыр бердің, Ендеше бір-ак рет өлтір мені!